«Кітап-сарқылмас қазына» демекші, адамның ең жақын досы, танымын кеңейтетін құрал кітап екені баршаға аян. Алайда, соңғы кездері электронды құралдар кітап оқуға деген қызығушылықты бәсеңдетіп тастағаны шындық. Әр адамның өзіне байланысты, заманауи құралдардың өздері қаншалықты жетілсе де кітаптың орнын баса алмайтындығы дәлелденіп те жүр. Иә, кітап оқудың өзіндік артықшылықтары барын ешкім де жоққа шығармайды. Жалпы оқырмандар оны жақсы біледі.
Кез-келген адам баласының бір сәт кітап оқығаны өзіне пайда. Бірақ жанарынан айрылған азаматтардың оқуы қиынға соғады. Осы орайда Шымкент қаласындағы Арнайы кітапхана ұжымы зағип жандарға арнап, арнайы құрылғыны таныстырды. Бұл көзі нашар көретін немесе жанарынан айрылғандарға оңай құрылғы әрі мүмкіндік.
Арнайы кітапхана ұжымы ұйымдастырған «Жаңалықтан хабардар бол!» онлайн-сабағына да тұрақты оқырмандар белсене қатысты. Онда ClearReader+ оқу машинасын қолдану сөз етіліп, арнайы эфирде қыр-сырын меңгертуге тырысты. Мүмкіндігі шектеулі, оның ішінде көз жанарына байланысты мүгедектікке ұшыраған кітапхана оқырмандарына кітапты сканерлеу құралын тифлопедагог Ғабит Жақсыбайұлы қазақ және орыс тілдерінде барынша түсіндіріп бақты. Аталмыш құрал арқылы оқырмандар кітапты сканерге қойып, тыңдай алады.