Мақтаарал ауданында 60926,3 гектар егістік жер бар болса, қазіргі таңда ерте егілген көкөніс 342 гектарды, егілген жаңа жоңышқа 1325 гектарды, жүгері 156 гектарды, егілген бақша 4422,5 гектарды, жүзім 5 гектарды құраған. Жалпы егілген егістік көлемі 6282,5 гектарға жетіп отыр. Бұл туралы мамандар Мақтаарал ауданында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен "Көктемгі дала жұмыстарының жүргізілу барысы және мақта егу науқанына дайындық" тақырыбында өткен семинар-кеңесте айтты.
Аудан әкімінің орынбасары Сәкен Сұлтанханов төрағалық еткен алқалы жиынға Қазақ мақта шаруашылығы ҒЗИ-ның директоры И.Үмбетаев, облыстық мәслихаттың депутаты С.Бекенов, "Бескетік" АӨК-нің төрағасы Т.Бердалиев, Мақтаарал аудандық аумақтық инспекция басшысы Қ.Құдайбергенов және ауылдық округ әкімдері, ауыл шаруашылығы бойынша мамандар қатысты.
Шаруалардың жайы талқыланған жиында алғаш болып сөз алған академик И.Үмбетов көктемгі дала жұмыстарын сапалы жүргізу үшін тік кәрізді ұңғымалардың жұмыс қарқындылығы арттыруды, топырақты кешенді үнемді өңдеу технологиясын пайдалануды, мақта қозасының тұқымын тиімді мерзімде және тиімді мөлшерде себуді, пісіп-жетілуі қысқа мерзімді отандық мақта сорттарын ғана пайдалануды, топырақты қопсыту шаралары және өсімдікті минералды тыңайтқыштармен қоректендіру ерекшеліктерін тиімді жүргізуді шаруаларға ұсынды.
Жалпы жиын барысында көктемгі дала жұмыстары тиімді жүргізу жолдары бойынша Т.Бердалиев, С.Бекенов, Қ.Құдайбергеновтар баяндама жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Айта кетейік, биыл мақтааралдық шаруалар 35 мың гектар жерге ақ алтын шитін себеді деп күтілуде. Ол үшін 1000 тоннаға жуық тұқымдық шит дайындалып, сортына қарай 230-350 теңге аралығында сатылуда. Сондай-ақ, көктемгі дала жұмыстарына 954 ауыл шаруашылығы тракторлары, 415 чизель, 3876 тырма, 212 тұқым сепкіш техникалары қатысуда.