Шағаласы шулаған, толқыны тулаған шарадара қаласында шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын жандар жеткілікті. Солардың бірі «Астана нан» наубайханасы тәулігіне 12 мың дана нан пісіруде. Ас атасын кәсіп көзіне айналдырған мекеме басшысы Мұрат Маликов бизнесті бастауға мемлекеттік қолдаудың болғанын ашып айтты. 2017 жылы ашылған мекеменің инвестициялық құны – 61 миллион теңге. Оның 50 миллион теңгесі өз қаражаты есебінен, 11 миллион теңгені «Ырыс» МҚҰ арқылы жеңілдетілген несиеге алған.
Мекеме басшысы алдағы уақытта өнім көлемін арттыруды жоспарлап отырғанын жеткізді. «Қазіргі таңда, елдімекендерге 5 бағыт бойынша нан таратып келеміз. Тауарымызға деген сұраныс күн өткен сайын артып келеді. Бастапқыда 6 мың нан дайындасақ, қазір өнім көлемін 2 есеге артып отыр. Мұнда нанның 4 түрін дайындап жатырмыз. Алдағы уақытта кондитерлік өнімдер өндіру жоспарлануда», – деді Мұрат Маликов.
Мекемеде 13 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Жұмысшылардың орташа жалақысы 70 мың теңге.