Германия Түркістанға «қолтаңбасын» қалдырмақ

Screenshot_8.jpg

Көне әрі жаңарған шаһар Түркістанды түлетуге германиялықтар да қызығушылық танытып отыр.  Тіпті Германия Федеративтік Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Тило Клиннер бастаған Герман Экономика Одағының делегаттары қалаға ат басын бұрды. Шетелдік әріптестермен кездесу ұйымдастырған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бірқатар келісімдерге қол жеткізді.

Атап айтқанда делегация басшысы Тило Клиннер германдық компаниялар цифрландыру, электр қуатын өндіру, жылыту жүйесі мен туризм саласында инвестиция салуға ниетті екендерін жеткізді. Мәселен, Германияда энергетика саласында 15 жылдан жұмыс істеп келе жатқан «ILF Business Consult» компаниясының атқарушы директоры Адреас Линке Түркістан өңірінде жасыл экономикаға негізделген күн энергиясынан қуат өндіретін гибритті электр стансасының құрылысын жүргізіп, арнайы парк құруға дайын екендігін айтты.  Ал «Bosch» кәсіпорынның өкілі Владимир Коломыцын компания жылыту жүйесіне қажетті қазандықтармен қамтамасыз етіп, қаланы сумен қамту жүйесіне толық сүйемелдеу жасайтынын жеткізді. Сондай-ақ, германдық «Petroline» холдингінің бас директоры Андреас Штумпф қоқысты қайта өңдеу мен су жүйесін тазартуға арналған  жабдықтармен қамтамасыз етуге ниетті екендігін айтты.

 «Түркістанда қазіргі таңда бас жоспар нақтыланды, ғасыр жобасы басталды. Құрылыс, сумен қамту, жылыту жүйесі мен жол саласына инвестиция салуға болады. Арнайы экономикалық аймақтар бар, сонда зауыттарыңызды салуға болады. Германдық технологияны әлем мойындайды, сондықтан әріптестік орнайды деп ойлаймын. Бастысы, жобалар экологиялық таза, сапалы, бағасы қолжетімді болуы керек», – деген Өмірзақ Естайұлы делегация өлкілдеріне алғысын білдіріп, екіжақты әріптестік орнайтынын жеткізді.


 


®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: Германия Түркістанға «қолтаңбасын» қалдырмақ