Жетісай ауданы Мақталы ауыл округінде 8385 гектар егістік алқап бар. Оның 285 гектары қарбыз, 730 гектары қауын, ал бақшаның жалпы көлемі 1300 гектарды құрайды. Ауылдың еңбегі сіңген диқаны Совет Тастанұлы 20 жылдан бері нәпақасын осы қара егістіктен тауып келеді. Биыл шаруа 4 гектар жерге қарбыздың «Атаман» сортын еккен. Наурызда еккен дәні міне бүгінде жемісін берген. Өнім көлемі гектарына 30 тоннаны құрап отыр. Бағбан жақында қарбыздың алғашқы 40 тоннасын Ресейдің Новосібір қаласына экспорттады. Ол қарбыздың әр келісін егістік басынан 220 теңгеден саудалады.
«Биыл ауданымыздың климаты диқаншылыққа өте қолайлы болды. Соның арқасында наурыз айының алғашқы бескүндігінде пленкалы қарбыз ектік. Егістік алқабының әр гектарына шамамен 1 млн теңгеден шығын шығардық. Ауа-райының қарасқандығынан бүгін міне алғашқы өнімімізді саудалап отырмыз», - дейді Совет Тастанұлы.
Диқанның қарбыз алғашқы өнімі емес. Бұдан 15 күн бұрын ол 4 гектар қырыққабат алқабынан 100 тоннадан астам өнім алып үлгерген. Келісін 150-180 теңгеден сатыпты. Артынша мақта егіп, яғни бір жерге екінші дақылдың дәнін сеуіп отыр.
Қазіргі таңда «С-Тастаната» шаруа қожалығының егістік алқабында 50-ге жуық ауыл азаматы жұмыс істеуде. Олардың әрқайсысына күндігіне 3-4 мың теңгеден ақы төленеді.