ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Фахриддин Қаратаев Төлеби ауданына ат басын бұрды.
Мәжіліс депутаты іссапар барысында «Меруерт» жиһаз кәсіпорнына ат басын бұрып, өндіріс орнының тыныс-тіршілігімен танысты. Кәсіпорын 2018 жылдың тамыз айында іске қосылған екен. Аталған ұжым негізінен ақ қайың мен қара ағаштан үстел-орындық сынды жиһаз түрлерін жасап шығарады. Бүгінде кәсіпорында 25 адам жұмыс істесе, орташа жалақы көлемі 66 809 теңгені құрап отыр. Айына 200 орындыққа дейін тапсырыс алады.
Кәсіпорын ұжымымен кездесу барысында Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбеков: «Ленгір машина жасау зауыты» ЖШС-нің «ЖК Меруерт» жиһаз шығаратын цехы күн сайын дамып, тапсырыс көбейіп, жұмыспен қамтылғандардың саны артып келеді. Осындай кәсіпкерлеріміздің арқасында ауданымыздың ілгері жылжитыны айқын. Биыл ауданда кәсіпкерлік саласын біршама дамыту қолға алынуда. Қазір мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғындардың өз кәсібін ашуы үшін қолдау көрсетудеміз» деді.
Ал, Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың шағын және орта бизнесті дамыту еліміздегі өркендеудің өте маңызды талаптарының бірі деген сөзін жеткізді. «Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту еліміздің экономикасын жандандыруға және халқымыздың әлеуметтік хал-ахуалын көтеруіне өз септігін тигізеді. Мамыр айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық инвесторлар кеңесінде сөйлеген сөзінде кәсіпкерлікке тиімді қолдау көрсету мәселесін көтерген болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен қолжетімді несиелеуге 600 миллиард теңге бөлінген. Қасым-Жомарт Кемелұлы мұны «қарапайым заттар экономикасы» тауарларын өндіруге таптырмас мүмкіндік деп атап өтті. Алдағы уақытта кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында көптеген бағдарламалар ұйымдастырылып, кәсіпорындар көптеп ашылатынына сенімдіміз» деген халық қалаулысы кәсіпорын ұжымының алдағы жұмысына сәттілік тіледі.