Түркістан облысы республикадағы халқы тығыз әрі көп қоныстанған аймақ болып табылады. Әрі еліміздегі бала туу көрсеткіші жағынан алдыңғы орында тұратын өлкенің бірі. Сондай-ақ мұнда мектеп жасындағы балалар да көп. Мұндай жағдайда әрине бірінші кезекте мектеп мәселесін шешу өзекті.
Осы орайда салаға жауапты мамандар облыс көлемінде 2019-2024 жылдар аралығында 55 мыңнан астам балаға арналаған 184 мектеп салынады деп отыр. Білім ошақтарының біразы бүгінде іргетасы қаланып қойған. Нақтырақ айтқанда қазіргі уақытта жиырма мың орындық 68 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал қалған 37 мектептің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленген. Тағы 16 мектептің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Сондай-ақ қалған 63 мектепте тиісті жұмыстар жүруде.
Биылғы жылдың соңына дейін 23 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде, аймақтағы апатты деп танылған үш мектептің және үш ауысымды екі мектептің мәселесі шешіледі.
Айта кетейік, 68 мектептің 27-сы жаңа құрылыс, 41-і 2017-2018 жылдардан өтпелі. Мамандар құрылыс жұмыстары дер кезінде аяқталады деп отыр.