Ордабасы ауданының құрылғанына 55 жыл толуына орай, қасиет қонып, құт дарыған киелі мекенде салтанатты жиын өтті. Аталмыш шарада өткен күннің жарқын естеліктері, тарихи маңызы тілге тиек болды. Мерейтойдың маңыздылығы айтылды. Өз деңгейінде атап өту үшін жасалған жоспар сараланды. Тарихи маңызды мекеннің ғылыми-зерттеу жұмыстарына ден қойып, туризмнің ошағына айналдыру жайы қозғалды.
Сонымен қатар, Темірлан қаласындағы Қажымұқан атындағы орталық стадионда эстафеталық марафон өтіп, ауданның мақтанышы, белгілі балуан Абзал Арыстанбек мерекелік жалауды көтерді. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары тарихи сахналық көрініс қойды. Аудан әкімінің орынбасары Аңсарбек Әбдіқұлов 55 жылдық мерекемен жұртшылықты құттықтап, автошерушілерге мерекелік жалауды табыстады. Автошеруді ауданның мақтанышы, спортшы Жұманазар Ерсұлтанов бастап жүрді. Бұдан соң Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізінің бойындағы Қарауылтөбе маңында эстафета атты марафоншыларға табысталды. Қарауылтөбенің биігінде 55 жас домбырашының сүйемелдеуімен еліміздің көк туы салтанатты түрде көтерілді. Салтанатты жиын соңы Жастар сарайында "Тарихқа тұнған Ордабасы" атты ғылыми-танымдық конференцияға ұласты.