Түркістанда ерекше индустриалды аймақ салынып жатыр

Screenshot_9.jpg

Индустриялды аймақтар құру, сол жерде кәсіпкерлік, өнеркәсіптік тың идеяларды жүзеге асыру соңғы 10 жылдағы ірі жобалардың бірі болып табылады. 2013-2018 жылдар аралығында сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысында  бюджет есебінен 9 индустриалды аймақ және 41 кәсіпкерлік нысанға инженерлік инфрақұрылымдық жүйелер жүргізілді.  9 индустриалды аймақтың 7-еуінде құрылыс жұмыстары толық аяқталып,  пайдалануға берілді. Солардың ішінде бүгінде республикалық маңызы бар қала мәртебесін алып, өз алдына енші алып шыққан  Шымкенттегі «Оңтүстік»,  «Тассай» индустриалды аймақтарында көптеген кәсіпорындар жұмыс істеп, ел экономикасына қызмет етуде. 

Аталған индустриалды аймақтардың құрылыс жұмыстарының басы қасында жүріп, уақытында пайдалануға берілуін қамтамасыз еткен бүгінде  Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы жобаларды қарау және іске асырылуына мониторинг жүргізу бөлімінің басшысы Жарқынбек ҚҰРМАНБЕКТІҢ айтуынша, қазіргі уақытта осы тәжірибелер Түркістан қаласындағы индустриалды аймақты құру барысында пайдаланылуда. 

Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен Түркістан индустриалды аймағының аумағы 40 гектардан 310 гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 350 гектарға жетті. 

-Бүгінгі таңда индустриалды аймақтың әкімшілік-тұрмыстық  ғимараты, кіреберіс қақпасы және қоршау жұмыстарының құрылысы жүргізілуде. Былтыр 2 ғимараттағы құрылысы аяқталды. Индустриалды аймақты инфрақұрылым жүйелерімен қамту үшін былтыр бюджеттен 300 миллион теңге қаражат бөлініп, электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізілді. Қалғаны биыл аяқталатын болады,-деді Жарқынбек Құрманбек.

1579236561409322.jpg-Түркістандағы индустриалды аймағының бұған дейінгі аймақтардан нендей ерекшелігі болады?-деген сауалымызға бөлім басшысы:  

   -Ерекшелік тек оның көлемінде ғана емес. Кәсіперлерді қолдау мақсатында республикада бірінші рет барлық инфрақұрылым жүйелерімен қамтылған аумағы 2400 шаршы метрді құрайтын 7 өндірістік ғимарат құрылысын жүргізу жоспарлануда. Оның 2 ғимаратының құрылысы ағымдағы жылы аяқталады. Аталған ғимаратта кәсіпкерлер бизнес жоспарына сәйкес өз қондырғыларымен кіріп, өндіріс жұмыстарын бірден бастауға жағдай жасалынған,-деп жауап берді. 

Айта кетері, осындай ауқымды жобаларды жүзеге асыруда ерен еңбегімен көзге түскен бірқатар азаматтардың еңбектері лайықты бағалануда. Жуырда солардың бірқатары марапаттар алды. Солардың қатарында Жарқынбек Құрманбек те бар. Ол Энергетика министрлігінің «Еңбек сіңірген энергетик» төсбелгісімен марапатталды. 

Жарқынбек Айдарбекұлына мұндай марапат жайдан-жай беріліп отырған жоқ. Бұл қырық жылдық еңбектің жемісі. Ж.Құрманбектің облыстың дамуына сіңірген еңбегі орасан. Ол бүгінде мегаполистке айналған Шымкенттің дамуында да өзіндік қолтаңбасын қалдырған. Аптал азамат 2012-2015 жылдар аралығында Шымкент қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомообиль жолдары бөлімінің басшысы қызметін атқарды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың басшылығымен осы жылдары қаланың шырайын кіргізетін көптеген нысандар бой көтерді. Ірі жобалар жүзеге асты. Атап айтар болсақ, республикада үздік деп танылып, мемлекеттік сыйлық алған Тәуелсіздік саябағы, Неке сарайы, Шәмші аллеясы, Қызғалдық су бұрқағы, Нұрсәт шағын ауданы, Наурыз алаңы. Осылардың қай-қайсында да Жарқынбек Құрманбек жетекшілік еткен   бөлімнің қажырлы еңбегі бар еді. Қаланың орталығынан шалғайда орналасқан Тассай, Қайтпас, Достық, Асар, Ынтымақ, Қазығұрт, Қызылжар, Ақжар, Самал, Ақтас сияқты шағын аудандарды коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету, сапалы ауыз су, табиғи газ, электр энергиясын тарту саласында да ауыз толтырып айтарлық жұмыстар атқарылды. 

Жалпы, елдің қарыштап дамуы, өндірістің өркендеуі, экономиканың ілгерлеуі, халықтың әл-ауқатының жақсаруы елге жаны ашитын азаматтардың арқасы. Іс тетігін қай уақытта да кадр шешеді. Мемлекеттік қызметті атқару барысында жауапкершілік жүгін терең сезінетін, сол арқылы абырой биігінен көрініп жүрген Жарқынбек Құрманбекке марапат құтты болсын дей отырып, әрдайым елдің артқан сенімін ақтай беріңіз деген тілек арнаймыз!

Screenshot_11.jpg


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,75%-ға дейін төмендетті
  • Әйтенов депутаттарға қалаға тартылған инвестиция жөнінде баяндады
  • Қала әкімі мәслихат депутаттарының алдында есеп берді
  • Шымкент пен Адана қалалары арасында экономикалық және туристік келісімге қол қойылды
  • Қандастарға қаланың көрікті жерлері паш етілді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер