Мақтааралдық шаруалар мақта егу науқанына жаппай кірісіп кетті. Жер емген диқандар 35 мың гектар жерге ақ алтын шитін себеді деп күтілуде. Ол үшін мың тоннаға жуық тұқымдық шит дайындалып, сортына қарай 230-350 теңге аралығында сатылуда. Сонымен қатар, Түркия мен Қытайдан да тұқымдық шит тасымалдануда.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Өсер Мырзамданов көктемгі дала жұмыстарына 954 ауыл шаруашылығы тракторлары, 415 чизель, 3876 тырма, 212 тұқым сепкіш техникаларының қатысып жатқанын жеткізді. Биыл шаруаларға көмек беру мақсатында көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін "Ырыс" микро қаржы ұйымы арқылы жылдық 6%-бен 293 млн. теңгеден аса несие берілген.
Мамандардың дерегінше былтыр 38 мыңнан аса гектар жерге мақта дақылы егіліп, аудан бойынша 96 511 тонна "ақ ұлпа" қамбаға жиналған. Орташа өнімділік 25 центнерге жетіп, мақташылар жылды толағай табыспен аяқтаған. Сондай-ақ өткен жылы ауданда ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 42 млрд. теңгеге жеткен болатын. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 32,2 млрд. теңге, мал шаруашылығы 9,6 млрд. теңге, ауыл шаруашылық қызметі 278 млн. теңгені құрап еді.