Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев Ордабасы ауданындағы ең ірі «Адель» жылыжайында іскерлік кездесу өткізді. Жиынға Татарстанның «Mariana-Region» ЖШС көтерме-бөлшек сауда компаниясының басшысы Минатулла Хасангусейнов келді. Компания өкілдері Ресей Федерациясына көкөністер тасымалдау аясын кеңейту және Түркістан облысының шаруаларымен іскерлік байланыс орнатуға ниеттіп келіпті. Компания Magnit және X5 Retail Group сияқты бөлшек сауда желілеріне жемістер мен көкөністерді жеткізумен айналысады. Аталған компанияның жылдық тауар айналымы 1 миллиард рубльден асады. «Мариана-Аймақ» серіктестігі айына 500-600 мың тонна көкөніс сатып алуды жоспарлап отыр.
Іссапар барысында татарстандық кәсіпкер М.Г.Гасангусейнов өңірдегі бірқатар шаруа қожалықтарды аралап, ондағы жылыжай кешендермен танысты. Ол өндіріліп жатқан өнімнің түрлері және көлемінің ауқымдылығына деген қызығушылығын жасырмады.
Өз кезегінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев екі жақты тиімді серіктестік орнатуға және облыс әкімдігі тарапынан тиісті шараларды қолға алуға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ, тараптар көкөністердің сапасы мен өнім түрін сақтай отырып, кепілдендірілген көлемді үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында ақпарат алмасып отыруға уағдаласты.
Қазіргі таңда логистикалық және экспортталатын өнімдерді сақтау шарттарына қатысты мәселелер шешілуде. «KazakhExport» басқарушы директор - Руслан Төлегенов жергілікті шаруалардың өнімдеріне қызығушылық танытып отырған шетелдік кәсіпкерлерге тиісті көмек көрсетуге дайын екендігін жеткізді.