Қазақстанның моноқалалар қатарына кіретін Кентау қаласында "Нұрлы жер" бағдарламасы ойдағыдай орындалып келеді. Оған куә Жеңіс күні қарсаңында 180 отбасының баспаналы болуы. Пәтер иегерлеріне кілтті облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өзі тапсырды. 60 пәтерлі көпқабатты 3 тұрғын үйдің 90 пәтері - көпбалалы отбасыларға, ал 37-сі - жетім балаларға, қалған 53 пәтер - "Нұрлы жер" бағдарламасымен беріліп отыр. «Баспана беру реті ережеге сәйкес кезек бойынша беріліп отыр. Дегенмен, әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға, көпбалалы отбасыларға баспанамен қамту жағына басымдық берілген. Тағы бір айтар қуанышты жаңалығымыз Кентау қаласының жаңа мөлтек ауданынан көпқабатты 10 үйдің құрылысы басталып, іргетасы қаланды. Демек, келер жылы тағы 600-ге жуық отбасы өз баспаналарына қол жеткізетін болады. Осының барлығы құрыш қолды құрылысшылардың еңбегі, халқымыздың ауызбіршілігі мен ынтымағы, Елбасының халыққа деген қамқорлығы»-деді облыс әкімі.
"Нұрлы жер" бағдарламасы аясында бой көтерген тұрғын үйлер соңғы заманауи үлгіде салынған. Ағымдағы жылдың соңына қарай тағы 2 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Жалпы жыл соңына дейін Кентау қаласының 300-ге жуық отбасын баспанамен қамту жоспарланып отыр.