Түркістан қаласында Есім хан алаңында «Түркістан өнімдері – 2019» көрме жәрмеңкесі мен «Қазақстанның үздік тауарлары» атты байқау-көрмесі өтті. Облыс орталығында өткен алғашқы шараға өңірдің 100-ден астам өнім өндіруші мен екі мыңнан астам ел аумағындағы кәсіпкер қатысты. Олардың ішінде кәсібін жаңа бастаған жандармен қатар көпшілікке танымал отандық тауар өндірушілер де бар.
Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатында өткізіліп отырған көрмеге қойылған тауарларды тамашалап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Жаңа облыс орталығында бүгінде көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Кәсіпкерлік саласының дамуы бойынша үлкен жобалар жүзеге асуда. Ал, бүгінгі басқосу тауар өндірушілермен іскерлік байланыстарды одан әрі дамыту үшін кең мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан бұл байқауға қатысушылардың барлығы жеңімпаз дегім келеді. Көрмеге қатысушылардың әрқайсысының нарықта өзіндік орындары бар. Елбасы тапсырмасына сәйкес «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы бойынша Түркістан облысы ерекше жұмыс атқаруда. Кәсіпкерлер белсенділік танытып жатыр. Қазіргі таңда 200-ден астам жобаны қарастырып жатырмыз. Бұл өңіріміздің дамуына, экономикамыздың өсуіне өзіндік үлесін қосады деп кәміл сенемін, – деді Мейіржан Мырзалиев.
Көрмеде өңірлік кеңес төрағасы Қайнар Абасов пен Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Абсаттаров қоғамның дамуына кәсіпкерлердің қосар үлесі мол екенін жеткізді.
Көрмеге «Dala-fruit.kz», «Балмұздақ», «Кентау трансформатор зауыты», «Grand Miks», «Нұр Строй ЛТД», «Зерде Керамика», «Bai & R Group», «Софи», «Asia Brend» ЖК, «Статус Эверест» ЖШС және тағы басқа да кәсіпорындардың өнімдері мен су жаңа өндіріс орындарының жаңа тауарлары да көпшілік назарына ұсынылды.
Тәуелсіз сарапшылар мен аудиторлар, кәсіпкерлік ассоциация мүшелері, салалық қоғамдық бірлестіктер мен жергілікті деңгейдегі мемлекеттік органдардың өкілдерінен құрылған сараптама комиссиясы арнайы номинациялар бойынша дипломанттарды іріктеді.
«Әлеуметтік жауапты бизнес» номинациясы бойынша «Ордабасы құс», «Ең үздік инновациялық жоба» – «Enki Жетісай» ЖК, «Үздік тауарлық қаптама» – «WoodWork Nadir», «Жыл бренді» – «Бөрте Милка» компаниясы, «Белсенді кәсіпкер» «Ордабасы ешкі сүт өнімдері» кооперативіне бұйырды.
«Ең үздік әйел – жұмыс беруші» номинациясы бойынша да әйелдер бизнесіне қолдау көрсетіліп, бұл жүлдені «Хываева» тігін фабрикасы жеңіп алды.
Сонымен, «Бөрте Милка» ЖШС шығарған тауарлар жылдың үздік бренді болып танылды.
Облыстық кезең бойынша үздік шыққан тауар өндірушілер Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесіне қатысуға жолдама алды.