Саялы Сарыағаш қаласы халық көп әрі тығыз орналасқан өңірге жатады. Ауданда баспана мәселесін шешу мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көпқабатты 13 үйдің құрылысы жүруде. Жауапты мамандар құрылысты аяқтауға жақын қалды. Демографиялық өсу қарқыны аса жоғары аймақта соңғы қырық жылдың ішінде алғаш рет осындай көлемде баспана салынуда. Әр үйдің тұрғызу үшін қазынадан 396 миллион теңге бөлінді. Осындай ауқымды құрылыстың арқасында баспана кезегін күткен 500-ден астам отбасы тамыз айында пәтерлі болмақ.
Сарыағаш қаласына кіреберіс аумақ қазір қайнаған құрылыстың ортасы. Баспаналарды алты мердігер компания тұрғызуда. 600-дей адам екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Әрқайсысы 45 пәтерден тұратын үйлер сәулеттік жобасымен де ерекше. Бөлмелері кең. Ыңғайлы етіп соғылған. Қабырғалары жылу сақтайтын материалмен қапталып жатыр. Мамандар сан мен қатар сапаға да аса мән беруде. Тұрғын үйлер тұрғындардың көңілінен шығады деген ойда.