Жетісай ауданында биыл 100 шақырымға жуық жол жөндеуден өтеді. Оның ішінде, 52 шақырымды құрайтын 67 көше асфалтталса, 49 көшеге тас төселеді. Сонымен қатар, шекаралы аймақты өзге аудандармен байланыстыратын күре жолдар да жөнделіп жатыр. Мамандардың айтуынша жалпы ауданда 2025 жылға қарай жолдардың 90 пайызын жөндеуден өткізу жоспарланған.
Өңірдегі өзге аймақтармен байланыстыратын күре жолдың бірі облыстық маңызы бар КХ-75 деп аталатын көлік дәлізі. Аталған жолдың 35 шақырымын орташа жөндеуден өткізу үшін қазынадан 2 млрд 87 млн теңге қаралыпты. Жөндеу жұмыстары енді басталады. Ал қазіргі таңда орталықтағы негізгі және қосымша көшелер жөнделуде. Салаға жауаптылар істің бүгінде тең жартысын аяқтап үлгерген. «Бүгінде 30-жуық көшеде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Негізінде 67 ішкі көше орташа және 49 көше ағымдағы жөндеуден өтуі керек биыл, сол үшін қазір 33 көшеге орташа жөндеуден өткізу үшін 31 көшеге тас төсеу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді»,- дейді Жетісай аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Байбарыс Арслан .
Сондай-ақ 2000-жылдары құрылған «Көктем» мөлтек аудан көшелерінің кейбіріне асфальт түгілі тас та төселмеген еді. Биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында қаржы бөлініп, аталған аудандағы көшелер толығымен ретке келтірілді
Айта кетейік, ауданда жалпы ұзындығы 365 шақырым көлік жолы бар. Оның 43 шақырымы республикалық болса, 210 шақырымы облыстық. Қалғаны аудандық маңызға ие жолдар.